Лайфхак Бүгінде кір жуатын машиналар – тұрмыстық техникалардың арасындағы ең қажеттілерінің бірі. Ал олар ұзақ қызмет етуі үшін әрдайым тазалап тұру керектігін ұмытпаған жөн. Ендеше, кір жуатын машиналар қақтанып кетпеуі үшін не істеу керек? Кір жуатын машинаны тазалайтын сан түрлі өнімдердің жарнамаларынан-ақ барлығымыз кір жуатын машиналардың қақтанып кететінінен хабардармыз. Ал сол жарнамаланатын құралдар қаншалықты көмектеседі? Олардан пайда бар ма? Алдымен, кір жуатын машинаның қақтану себебін түсініп көрелік. Оның бірінші себебі – кермек су. Кір жуу барысында кермек судың тұзы машинаның бөлшектеріне қонып, жинала береді, яғни қақтанады. Оның аяғы кір жуатын машинаның бұзылуына әкеліп соғады. Ал жарнамаларда кір жуатын ұнтақпен бірге салынады деп көрсететін қақты тазартқыш ұнтақтар мен сұйықтықтар қақты тазартпайды, бар болғаны кермек суды жұмсартады. Лимон қышқылымен тазарту Ол үшін 60 грамм лимон қышқылын (орта сыймдылықтағы кір жуатын машиналар үшін) кір жуатын машинаның ұнтақ салатын жеріне салып, машинаны толық жуу режиміне қосыңыз. Ал егер өте қақтанбаған болса, 60 градуста жуу режиміне қосуға болады. Жуылып болған соң қақпағын ашып, барабанын кептіріңіз. Машинаны тазарту үшін қосқанда оның ішіне кір (киім) салуға болмайтынын ескеріңіз. Есіңізде болсын, лимон қышқылының мөлшерін асырмау керек! Шамадан көп қолдану кері әсерін беретіні қаперіңізде болсын. Кір жуатын машинаны жағымсыз иістен тазалау жолы Жағымсыз иіс пен зең басу кір жуғаннан кейін машинаны кептірмеуден болады. Сондықтан әр кір жуған сайын машинаны (ішінен де, сыртынан да) толықтай кептіру керек. Зең техника үшін ғана емес, адам денсаулығы үшін де өте қауіпті. Егер машинаны зең басып кеткен болса, сіркесуымен тазарту керек. Ол үшін 2 стакан сіркесуын (4 кг сыйымдылық үшін) кір жуатын машинаның ішіне құйыңыз. Ең ұзақ режимге қойып, 5 минуттан кейін 1 сағат тоқтата тұрыңыз (пауза). Ал одан кейін қайта қосыңыз. 1 сағат уақытта сіркесуы машинаның барлық жеріне тарап, иісті жояды. Жуу уақыты аяқталғаннан кейін мақтаға сіркесуын сіңіріп алып, қолжетімді жерлерін түгелдей сүртің шығыңыз. Машинаны тазалау кезінде оның ішінде кір (киім) болмауы керек.